Түркістан облысында бюджеттен 103 млн теңге жымқыру ісі тергелді

Түркістан облысында бюджеттен 103 млн теңге жымқыру ісі тергелді
Canva

Түркістан облысында мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденуге қатысты қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде мемлекетке 103 млн теңге көлемінде залал келгені анықталды, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, күдіктілер заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін төрт жеке кәсіпкерлік нысанын, сондай-ақ «Нұр-Келес» және «Бимен С.» серіктестіктерін пайдаланған. Аталған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер қағаз жүзінде басқа адамдардың атына тіркелген.

Тергеу барысында ұйымдардың нақты басқаруы үшін бөгде адамдардың электронды цифрлық қолтаңбалары, мөрлері және банк шоттарын басқаруға берілген нотариалды сенімхаттар қолданылғаны анықталған.

Қылмыстық схема аясында ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу және ұстау, сондай-ақ асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы жалған мәліметтер енгізілген. Осы ақпарат негізінде мемлекеттік субсидия алуға электронды өтінімдер берілген.

Бюджеттен түскен қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Тергеу мәліметінше, ақша жеке мақсаттарға жұмсалған.

Осының салдарынан мемлекетке келген жалпы шығын көлемі 103 млн теңгені құрады. Бұл қаражат адал ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған болатын.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер учаскесі бар.

Күдіктілердің біреуі қамауға алынды. Екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.

Айта кетейік, 14 қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті халықаралық іздеуде болған The Finiko құрылымының басшыларының бірін Түркиядан Қазақстанға қайтарғанын мәлімдеген еді. Операция Ұлттық орталық Интерпол бюросымен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілген.