Түркістан облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Түркістан облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Gov.kz

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Теке ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Бұл – Қазақстанда осы бағдарлама бойынша құрылған 285-ші ерікті өртке қарсы құрылым, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа бекет төрт елді мекендегі өрт пен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Оның жауапкершілік аумағында жалпы саны 6463 адам тұрады.

Бұған дейін Теке ауылы мен оған жақын елді мекендерге ең жақын мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 35 шақырым жерде орналасқандықтан, төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың оқиға орнына жетуіне көп уақыт кетуі мүмкін еді. Енді ауылдағы бекет арқылы тұрғындарға қажетті көмекті жедел көрсету көзделіп отыр.

Нысанның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті материалдық-техникалық база жасақталған. Бекет өрт сөндіру техникасымен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар мұнда тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған. Жеке құрам Төтенше жағдайлар департаментінде бастапқы даярлықтан өткен мамандардан жасақталды.

Жаңа бекеттің іске қосылуы шалғай елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.