Түркістанда 20 елдің әншілері бас қосады

Түркістанда 20 елдің әншілері бас қосады
ЖИ арқылы жасалған

25-27 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында VII халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Үш күнге созылатын мәдени шара «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан астында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

«Voice of Turan» – қазақ музыкасы мен қазақстандық авторлардың шығармаларын шетелге таныстыруға бағытталған халықаралық мәдени жоба. Фестиваль сонымен қатар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп, қаланың түркі әлеміндегі рухани орталық ретіндегі мәртебесін кеңінен насихаттауды көздейді.

Биылғы фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Беларусь, Болгария, Грузия, Армения, Мексика, Қырғызстан, Куба, Гвинея, Бразилия және басқа да елдер мен өңірлерден өнерпаздар қатысады.

Ән додасымен қатар қолөнершілер ауылы жұмыс істеп, түркітілдес елдер дизайнерлерінің сән шеруі және түрлі мәдени шаралар өтеді. Сондай-ақ түркі әлемінің танымал өнерпаздары бір сахнада бас қосады.

Фестивальдің басты мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке таныстыру, қазақ музыкасының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру және Түркістанның мәдени әлеуетін насихаттау.

Қазылар алқасы мен фестиваль қонақтарының қатарында Төлеген Мұхаммеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров бар.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Фестиваль Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтеді.