Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің үш командасы "100 SARBAZ" әскери-патриоттық телевизиялық реалити-шоуына қатысып, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған жобаға ТЖМ атынан "Құтқарушылар", "Сағадат батыр" және "Batyr Team" командалары қатысты.
Байқау барысында құтқарушылар кәсіби шеберлігін, дене дайындығын, төзімділігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Қатысушылар түрлі күрделі тапсырмаларды орындап, қиын жағдайда бірлесе әрекет ету қабілеттерін сынады.
"100 SARBAZ" жобасының басты мақсаты – әскери қызметтің қоғамдағы беделін көтеру, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және оларды ел алдындағы борышын абыроймен атқаруға ынталандыру.
ТЖМ өкілдерінің бұл жобаға қатысуы құтқарушылардың кәсіби даярлығын ғана емес, олардың табандылығы мен командалық рухын да танытуға мүмкіндік берді.
"100 SARBAZ" әскери-патриоттық реалити-шоуын бүгін сағат 15:00-де "Жібек жолы" телеарнасынан көруге болады.