Үкіметте медициналық техниканы сатып алу мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға қатысты кеңес өткізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиында медициналық құрал-жабдықтардың бағасын қалыптастыру және шығындарды оңтайландыру тәсілдерін жетілдіру мәселелері қаралды. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану және медициналық ұйымдарды қажетті техникамен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды.
Кеңесте қазіргі жағдайда медициналық ұйымдардың жабдықтарға деген жоспарлы қажеттілігін толық қамтамасыз ете отырып, бюджет қаражатын үнемдеу маңызды міндет екені айтылды.
Жиын қорытындысында медициналық техниканың негізсіз жоғары бағасы анықталған жағдайда жедел шара қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар сатып алынатын жабдықтардың сапасы мен техникалық сипаттамаларына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.