Ұлдана Мырзуанның өлімі: прокурор сотталушыға жаза сұрады

Ұлдана Мырзуанның өлімі: прокурор сотталушыға жаза сұрады
https://t.me/Jogargy_sot

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел медициналық көмек фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Сот жарыссөзі басталар алдында сотталушы С. Жұбаньязованың қорғаушысы оның телефонын нотариус арқылы тексеру хаттамасын іс материалдарына қосуды сұрады. Атап айтқанда, телефондағы үй тұрғындарының топтық чаты зерттелген.

Сот барысында жәбірленушілер Г. Қалиева мен А. Нұрпейісова сотталушыдан моральдық және материалдық залалды өндіру туралы талаптарын мәлімдеді. С. Жұбаньязова өзін кінәлі санамайтынын айтып, бұл талаптармен толық келіспеді.

Одан кейін тараптар сот жарыссөзіне көшті. Мемлекеттік айыптаушы С. Серікова сотталушыны Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер С. Омарова мен Ә. Зейнел соттан істің барлық мән-жайын жан-жақты ескеріп, әділ шешім шығаруды өтінді. Ал жәбірленуші Ж. Қалиев С. Жұбаньязованы кінәсіз деп санайтынын айтты.

Г. Қалиева сотталушыны кінәлі деп танып, азаматтық талабын қанағаттандыруды сұрады. Ол 10 млн теңге моральдық зиян және 53 960 теңге материалдық залал өндіруді талап етті.

А. Нұрпейісованың өкілі, адвокат Ж. Құрымбаева жәбірленушінің ешкімді кінәлауды мақсат етпейтінін, алайда емделуге қаражат қажет екенін жеткізді. Осыған байланысты сотталушыдан 35 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіру сұралды.

Түскі үзілістен кейін сотталушы мен оның қорғаушылары сөз сөйлеп, С. Жұбаньязованы кінәсіз деп танып, ақтауды сұрады.

Сот отырысы 2026 жылғы 1 қазан сағат 15:00-ге дейін кейінге қалдырылды. Сотталушыға соңғы сөзге дайындалуға уақыт берілді.