Үлкен Алматы каналының 125 шақырымы бетондалады
Су ресурстары және ирригация министрлігі Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының 125 шақырымнан астам бөлігін бетондауды көздейтін үш кезеңді жобаны жүзеге асыруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен барып, каналдың қайта жаңғыртылған учаскелерін тексерді.
Биыл каналдың апатты жағдайдағы жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын бөліктерін жаңғырту аяқталған. Су ысырабының алдын алу және 33,3 мың гектар егістік алқабын тұрақты суару үшін канал арнасы монолитті темірбетонмен қапталды.
Министр Су шаруашылығы комитетіне нысанды пайдалануға қабылдамас бұрын атқарылған жұмыстардың сапасын мұқият тексеруді тапсырды.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, келесі жылғы суару маусымы басталғанға дейін канал толық дайын болуы керек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізуде қиындық туындамауы тиіс. Сонымен қатар каналдың қалған бөліктерін жаңғыртуға қажетті құжаттарды әзірлеуді уақытылы аяқтау тапсырылды.
Министрлік Үлкен Алматы каналын үш кезең бойынша жаңғыртуды жоспарлап отыр. Қазір ұзындығы 15,6 шақырым болатын бөлігін бетондау жобасы дайындалған. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын басқа учаскелерді жаңғыртуға арналған құжаттар әзірленіп жатыр. Үшінші кезеңде каналдың бас су құрылысы жөнделеді.
Жоба жүзеге асқаннан кейін каналдың өткізу мүмкіндігін жобалық деңгейге жеткізіп, Алматы облысындағы суармалы алқаптарды сумен қамтуды жақсарту көзделген.