Ұлытау облысына жұмыс сапары кезінде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов облыс әкімі Есет Байкенмен кездесіп, өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуде қолданыстағы бөлімшелерді жаңғырту, жаңа нысандар салу және өңірдің аумақтық ерекшеліктерін ескере отырып, төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін арттыру мәселелері қаралды.
Соңғы екі жылда облыста бірнеше нысан пайдалануға берілді. Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларында жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылса, Жәйрем кентінде әмбебап құтқару бөлімшесі іске қосылды. Сонымен қатар Жезқазғанда жаңғыртылған ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Өңірде ТЖМ авиациялық-құтқару отряды да құрылды.
Алдағы уақытта Жезқазғандағы ӨСБ-7 ғимаратын жаңғырту, жаңа өрт сөндіру депосы мен жедел-құтқару отрядының ғимаратын салу жоспарланған. Жезді кентіндегі нысан өрт сөндіру бөліміне бейімделсе, Жаңаарқада жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіледі.
Сондай-ақ шалғай елді мекендер мен автожолдардағы жедел әрекет ету жүйесін күшейтуге көңіл бөлінді. Жезқазған-Қызылорда автожолында өрт сөндіру депосын салуға жер телімі белгіленді. Ал Жезқазған-Қарағанды бағытында әмбебап құтқару пунктін орналастыру жоспарланып отыр.
Жобалар өңірдегі азаматтық қорғау инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағдарламасына енгізілген.