Қазақстандық әйелдерге баспана алуға мүмкіндік беретін “Ұмай” ипотекалық бағдарламасына қосымша 20 млрд теңге бөлінбек. Қаржы түскеннен кейін Отбасы банк өтінім қабылдаудың жаңа кезеңін бастайды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасы банктің баспасөз қызметі Азия даму банкі “Ұмай” бағдарламасын қаржыландыру үшін екінші кезеңде 20 млрд теңге бөлуге келісім бергенін мәлімдеді. Қаражат жақын арада түседі деп күтіліп отыр.
Банк өкілдерінің айтуынша, бағдарламаға өтінім қабылдау бөлінген қаржының түсуіне қарай жүргізіледі. Бұған дейін, тамыз айында, алғашқы 9 млрд теңге аударылған болатын. Сол қаражат аясында 31 тамыз күні сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін өтінім қабылданды.
“Азия даму банкі ‘Ұмай’ бағдарламасына 20 млрд теңге көлеміндегі екінші қаржы бөлігін бөлуді мақұлдады. Қаражат жақын уақытта түседі деп күтіледі. Өтінім қабылдау күні туралы қосымша хабарлаймыз. Сондықтан 31 тамызда үлгермеген әйелдерге тағы мүмкіндік беріледі”, – деп түсіндірді банк өкілдері. Айта кетейік, қыркүйек айында бағдарламаға қызығушылық жоғары болғандықтан, Отбасы банк Азия даму банкіне екінші кезеңге арналған қаражаттың бір бөлігін мерзімінен бұрын аудару туралы өтініш жасаған еді.
Алғашқы кезеңде қанша әйел баспана алуға өтінім берді?
31 тамызда “Ұмай” бағдарламасына 855 қазақстандық әйел өтінім беріп, барлығы несие алуға алдын ала мақұлдау алған. Оларға баспана таңдау үшін үш ай уақыт берілген.
12 қазандағы мәлімет бойынша, 366 әйел ипотекалық несие рәсімдеп үлгерген. Тағы 296 өтінім бойынша құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бағдарламаға қатысушылардың ең жасы 18-де болса, ең үлкені 63 жаста. Ал өтінім берген әйелдердің орташа жасы – 39.
“Ұмай” бағдарламасы туралы
“Ұмай” – Қазақстандағы әйелдердің баспана алуына арналған ипотекалық бағдарлама. Оны Отбасы банк Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырады.
2026 жылдың сәуірінде тараптар “Ұмай” және “Жасыл ипотека” бағдарламаларын қаржыландыру үшін жалпы сомасы 90 млрд теңге болатын несие келісіміне қол қойған.
Бағдарламаның талаптары мен қатысу шарттары Отбасы банктің ресми сайтында жарияланған.
Ал екінші кезеңге өтінім қабылдаудың нақты күні әзірге белгіленген жоқ. Банк қаражат түскеннен кейін қосымша хабарлама тарататынын жеткізді.