Ұстаздар күні қарсаңында сыйлық іздеген азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Бас прокуратура қазақстандықтарды интернетте тараған жаңа алаяқтық тәсілден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар мұғалімдерге арналған сыйлықтарды тиімді бағамен ұсынып, жалған интернет-дүкендердің сілтемесін таратады. Мұндай сайттар сырттай қарағанда кәдімгі онлайн дүкеннен еш айырмашылығы жоқ.
Алаяқтар сенімге кіру үшін жасанды интеллектіні де пайдаланады. Оның көмегімен шын мәнінде сатылымда жоқ тауарлардың суреттерін жасап, ал сатушының атынан сатып алушылармен чат-бот арқылы сөйлеседі. Сатып алушы тауарды таңдап, алдын ала төлем жасағаннан кейін ақшасынан айырылып, тапсырысын да ала алмай қалуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары күмәнді хабарламалардағы сілтемелерді ашпауға, бейтаныс нөмірлерге хабарласпауға кеңес береді. Сондай-ақ пароль, PIN-код, банк картасының CVV-коды мен SMS арқылы келген растау кодын ешкімге бермеу қажет.
Тауар сатып алар алдында сайттың шынайылығын және сатушының сенімділігін тексерген жөн. Тапсырыс туралы ақпаратты компанияның ресми сайты немесе қосымшасы арқылы нақтылау керек.
Егер банк картасының деректері алаяқтардың қолына өтіп кетсе немесе шоттан күмәнді ақша шешілгені байқалса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау және полицияға арыздану қажет.