Венада Қазақстанның адам саудасына қарсы күрес тәжірибесі таныстырылды
Венада өткен халықаралық кездесуде Қазақстанның адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы тәжірибесі таныстырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесі бірлесіп ұйымдастырған адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестірушілер мен баяндамашылардың 10-шы жыл сайынғы кездесуіне қатысты. Қазақстандық делегация құрамында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық адам құқықтары орталығының өкілдері де болды.
Жиында қылмыстық топтардың жаңа технологияларды белсенді пайдалануына байланысты мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселесі көтерілді. ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі Кэри Джонстон халықаралық деңгейде үйлестірілген іс-қимылдың маңызын атап өтті.
Қазақстан өкілі Олег Цой ұйымдасқан қылмыспен күрес аясында еліміздің тәжірибесін таныстырды. Ол адам саудасында цифрлық технологиялардың рөлі артып келе жатқанын айтып, жедел ақпарат алмасу, бірлескен тергеулер жүргізу және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталды.
Қазақстан делегациясы Орталық Азияның бес мемлекетінің өкілдері қатысқан өңірлік дөңгелек үстелде де бірқатар бастама көтерді. Станислав Василенко шетелдегі алаяқтық орталықтарында қылмыстық әрекетке мәжбүр болған адам саудасы құрбандарын елге қайтару тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ол C5+ЕҚЫҰ форматында өңірлік жұмыс тобын құруды ұсынды. Мұндай алаң ақпарат алмасуға, құрбандарды ерте анықтауға, мамандарды бірлесіп даярлауға және трансшекаралық істер бойынша әрекеттерді үйлестіруге бағытталмақ.
Кездесуде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ұлттық баяндамашы ретіндегі жаңа мандаты да таныстырылды.
Қазақстан адам саудасының алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және трансұлттық қылмыстық желілермен күрес бағытында халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.