Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында болған ақауларға байланысты Цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, компанияның кейбір техникалық жүйелері шетелде орналасқандықтан, ондағы ақаулар Қазақстандағы қызметтерге де әсер еткен, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Яндекс" платформаларының жұмысындағы іркілістер қазақстандықтар пайдаланатын цифрлық сервистердің тұрақтылығы мен дербес деректердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туғызды.
Министрлік Қазақстандағы пайдаланушылардың жеке мәліметтері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын және олардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Алайда бұл компанияның барлық қызметі Қазақстандағы инфрақұрылым арқылы жүзеге асырылады дегенді білдірмейді.
"Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты жұмыс істеп тұр. Дегенмен бұл платформаның толықтай дербес жұмыс істейтінін білдірмейді. Такси шақыру және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір техникалық жүйелер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан", – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта "Яндекс" компаниясы сервистердің жұмысын толық қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және отандық инфрақұрылым ұйымдарымен бірлесіп, қажетті техникалық қолдау көрсету мәселесін пысықтауда.
Сонымен қатар такси және жеткізу қызметін ұсынатын басқа платформалармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – жүйеге түсетін жүктеме күрт артқан жағдайда сервистердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ведомство өкілдері азаматтардың жеке деректерін Қазақстан аумағында сақтау мен цифрлық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екі бөлек мәселе екенін атап өтті.
Сондықтан мұндай ақаулардың алдын алу үшін тек деректерді ел ішінде сақтау жеткіліксіз. Цифрлық платформалардың техникалық инфрақұрылымын да жан-жақты дамыту қажет.