ЮНИСЕФ Қазақстанның балалар денсаулығын сақтау тәжірибесін жоғары бағалады
ЮНИСЕФ Қазақстанның балалар денсаулығын сақтау және иммундау бағытындағы тәжірибесін өңірге үлгі ретінде атап өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау бағдарламалары жөніндегі директордың орынбасары Эфрем Текле Лемангоның кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуде тараптар балалар денсаулығын қорғау, вакцинация және алғашқы медициналық көмекті дамыту саласындағы бірлескен жұмыстың нәтижелерін талқылады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы екі жылда ЮНИСЕФ-пен бірлесіп бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылған. Соның бірі – әмбебап-прогрессивті патронаж моделін енгізу. Оның нәтижесінде балалардың үй жағдайындағы өлім-жітімі 22 пайызға төмендеген. Соңғы 20 жылда Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген вакциналар саны да кезең-кезеңімен артты. Қызамыққа, b типті гемофильдік және пневмококк инфекцияларына қарсы екпелер енгізілді. 2024 жылдан бастап қыз балалар адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алып келеді.
Қазір Қазақстанда мемлекет кепілдігімен 21 инфекцияға қарсы вакцина салынады. Жыл сайын шамамен 5 млн адам екпе алады, оның 1,3 млн-ға жуығы – балалар.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұлттық иммундау бағдарламасының нәтижесінде эпидемиялық паротит пен В вирустық гепатитін жұқтыру көрсеткіші 90 еседен астам, ал А вирустық гепатиті 80 еседен астам азайған. Сіреспе мен қызамықтың жекелеген жағдайлары ғана тіркеледі.
ЮНИСЕФ Қазақстанға вакциналарды жоспарлау және сатып алу жүйесін жетілдіру, медицина қызметкерлерін даярлау және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында да техникалық қолдау көрсетіп келеді. Қазір елде қолданылатын 10 вакцинаның жетеуі осы ұйым арқылы сатып алынады.
Ақмарал Әлназарова Қазақстан үшін вакциналардың қолжетімділігімен қатар, иммундау жүйесінің тұрақтылығы да маңызды екенін айтты. Бұл жоспарлау мен сатып алудан бастап, вакциналарды сақтау, цифрлық есеп жүргізу, мамандар даярлау және халықпен жұмыс істеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Эфрем Текле Леманго Қазақстанның бірқатар бағыттағы тәжірибесін өңір үшін үлгі ретінде бағалады. Оның ішінде нәресте өлімін азайту, туберкулезбен күрес, алғашқы медициналық көмек ұйымдарындағы патронаж жүйесі, ерте араласу орталықтарын ашу және вакцинацияны цифрландыру жұмыстары бар.
Кездесу қорытындысында тараптар иммундау, балалар денсаулығын қорғау, алғашқы медициналық көмекті күшейту және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне сенімін арттыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы әріптестік 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында да жалғасады. Бағдарлама балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, білімі мен әл-ауқатын қамтиды.