Жамбыл облысында 3 мыңға жуық пәтер салынып жатыр
Жамбыл облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір өңірде бюджет есебінен 2 941 пәтерге арналған 66 көпқабатты тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Жиында тұрғын үй саясаты, әлеуметтік баспана беру және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу мәселелері талқыланды. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаевтың мәліметінше, биыл кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге 20 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 2 035 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған.
Қазір салынып жатқан 66 көпқабатты үйдің 35-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл үйлерде барлығы 1 685 пәтер бар. Ал Тараздың 15-шағынауданында 345 пәтерге арналған бес үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілген. Сонымен қатар Тараздағы Асқаров көшесі бойындағы жаңа тұрғын алабында 1 176 пәтерлік 30 несиелік үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, тағы 1 800 пәтерге арналған 36 тұрғын үйдің жобасы әзірленген.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жалдамалы баспана сатып алу үшін республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінді. Жоспарланған 350 пәтердің 92-сі сатып алынған.
Облыс әкімі тұрғын үй құрылысы кезінде пәтер санымен қатар оның сапасына да басымдық берілуі керегін айтты. Оның сөзінше, бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған әр баспана қауіпсіз, жайлы және қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Биыл "Отбасы банк" арқылы 1 636 жалдамалы пәтер бөлуге өтінім жолданған. Оның 1 249-ы бойынша оң шешім қабылданды.
Жиында жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің кезегі де қаралды. Қазір Жамбыл облысында жер алу кезегінде тұрған 260 197 азаматтың деректері жаңартылып жатыр.
Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне тізімді жаңарту және жер телімдерін резервке қою жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ әкімдікке инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дайын жер учаскелерін тұрғындарға беру, кезектілік тәртібін сақтау және салынып жатқан үйлерді белгіленген мерзімде сапалы аяқтау міндеті қойылды.