Қазақстанда оқушылар мен студенттерді жазғы демалыс кезінде уақытша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін «Менің жазғы демалысым» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Жоба жастардың заңды әрі қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауға бағытталғаны жайлы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жұмыс іздеудегі негізгі құралдардың бірі – Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі. Мұнда оқушылар бос жұмыс орындарын қарап, түйіндеме орналастырып, өздеріне қолайлы уақытша жұмысты таңдай алады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еңбек шарты әдетте 16 жастан бастап жасалады. Ал 14 жастан асқан оқушылар сабақтан тыс уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқуына кедергі келтірмейтін жеңіл жұмысқа орналаса алады. Бұл жағдайда ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
2026 жылы жоба аясында 12,6 мыңнан астам оқушы мен студент жұмыс тапқан. Олардың арасында курьер, промоутер, кеңсе көмекшісі, call-орталық операторы, әкімші және сатушы көмекшісі сияқты жұмыстарға сұраныс жоғары болды. Жастар архивтерде, мәдениет және шығармашылық салаларында да еңбек еткен.
Жазғы демалыс кезінде жастарды жұмыспен қамтудың басқа да тетіктері қолданылды. Цифрлық платформалар арқылы 18,2 мың оқушы мен студент жұмысқа орналасса, тағы 5,4 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты.
Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытына шектеулер қойылып, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі және үстеме жұмысқа тартуға тыйым салынады.
2026 жылы еңбек инспекторлары жасөспірімдердің еңбек ету жағдайларын бақылау мақсатында 8 256 кәсіпорын мен ұйымды тексерді. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындары, жанармай бекеттері, көлік жуу орындары, компьютерлік клубтар, сауда және ойын-сауық нысандары, базарлар, саябақтардағы нысандар, демалыс орындары мен шаруа қожалықтары бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтап, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге шақырды.
Мамандар ата-аналар мен жасөспірімдерге жұмысқа ресми орналасуға, еңбек шартын мұқият оқуға және ұсынылған жұмыстың жас ерекшелігіне қойылатын талаптарға сәйкестігін алдын ала тексеруге кеңес береді.