Жетісу университетінің студенттері Италияға аттанды
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Италияның Марке политехникалық университетіне оқуға аттанатын студенттермен кездесу өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Университет ректоры Ермек Бөрібаев студенттерге шетелде білім алу кезінде жауапкершілік танытып, кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдірудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Жетісу университетіндегі қос диплом бағдарламасы бойынша Италияға білім алуға аттанған студенттердің алғашқы легі. Ректор жастарға Марке политехникалық университетінде жаңа білім мен тәжірибе жинап, оны кейін ел игілігіне пайдалануға тілектестік білдірді.
Кездесу барысында студенттерге Италиядағы қауіпсіздік талаптары, жаңа ортаға бейімделу, оқу үдерісінің тәртібі және академиялық талаптар түсіндірілді.
Студенттер атынан «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиясы» қос диплом бағдарламасының 4-курс студенті Малика Арынова сөз сөйлеп, көрсетілген қолдау үшін университет басшылығына алғыс айтты.
Жетісу университеті мен Марке политехникалық университетінің ынтымақтастығы аясында 2024 жылы Талдықорғанда италиялық жоғары оқу орнының филиалы құрылған. Сол жылы алғашқы қос диплом бағдарламасы әзірленіп, студенттер қабылдана бастады. Ал 2025 жылғы 16 шілдеде филиал кампусы ресми түрде ашылды.
Енді «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиясы» бағдарламасында оқитын студенттердің алғашқы тобы Италияның Анкона қаласына барып, білімін Марке политехникалық университетінде жалғастырады.
Бағдарлама студенттердің халықаралық тәжірибе жинауына, академиялық ұтқырлықты дамытуға және қос дипломды білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.