Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен бүгін Жезқазған қаласының активіне жаңа әкімді таныстырды. Бұдан былай облыс орталығын Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев басқаратынын Жезқазған қаласының әкімдігі өз парақшасында жариялады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мұрат Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген. Металлургия, экономика және бизнес салалары бойынша бакалавр, мемлекеттік менеджмент бойынша магистр дәрежесін алған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясының «Нурказган» байыту фабрикасында үшінші разрядты флотатор болып бастаған. Кейін өндіріс саласында түрлі қызметтер атқарып, цех бастығы, бас инженер және фабрика директоры лауазымдарында жұмыс істеген.
2015–2017 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының «Нурказган» байыту фабрикасының директоры болды. Ал 2017–2024 жылдары «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің №1, №2, №3 Жезқазған байыту фабрикасын басқарды.
Мұрат Бөрібаев 2024 жылдан бастап Сәтбаев қаласының әкімі қызметін атқарған.
Ал Мұрат Бөрібаевтың Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалуына дейін бұл қызметті Қайрат Шайжанов атқарды. Ол Жезқазған қаласының әкімі қызметіне 2022 жылы тағайындалған.