Қазақстанның Жоғарғы Сотында ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде қызмет еткен төрт судьяны құрметті отставкаға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Салтанатты жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев судьялар Мәдениет Омарбекова, Марина Боровик, Валерий Ноздрин және Нұржан Қайыпжанға көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар жиынға қатысушылар Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының бұрынғы төрағасы Аслан Түкиев пен Сәкен Абдолланы Конституциялық Соттың судьясы болып тағайындалуымен құттықтады.
Асламбек Мерғалиев әріптестерінің сот төрелігін жүзеге асыру жолындағы еңбегіне жоғары баға берді. Ол судьялардың кәсіби біліктілігін, заң талаптарын қатаң сақтағанын және сот жүйесінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Жиында Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина және Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Өміралиев те сөз сөйледі. Олар әріптестерінің мол тәжірибесі мен кәсіби беделіне тоқталып, отандық сот жүйесін жетілдіруге сіңірген еңбегін атап өтті.
Қазақстан Судьялар одағы филиалының атынан Жоғарғы Сот судьясы Гүлнара Мергенова да сот саласының ардагерлеріне ризашылығын жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында бірқатар судья мемлекеттік емес ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда:
Мәдениет Омарбекова – «Құрметті судья» белгісімен;
Нұржан Қайыпжан – «Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен;
Марина Боровик – «Сот жүйесінің ардагері» медалімен;
Сәкен Абдолла – I дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен;
Валерий Ноздрин – Жоғарғы Сот төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шара соңында құрметті отставкаға шыққан судьялар әріптестеріне бірге атқарған қызметі, көрсеткен қолдауы мен жылы лебіздері үшін алғыс айтты.