Үкіметте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында жол ережесін бұзған жүргізушілерге қолданылған шаралар, электр самокаттарды пайдалану тәртібі, жолдарды дрондармен бақылау, автомектептерге қойылатын жаңа талаптар және көлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың мәліметінше, жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені және қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Оның ішінде 17 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, мас күйінде көлік жүргізу, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 18,3 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынған.
9,5 мыңға жуық электр самокат айып тұрағына қойылды
Елімізде электр самокаттарды пайдалану және оларды белгіленген орындарға қою талаптарының сақталуына бақылау күшейтілген. Рұқсат етілмеген жерлерге қалдырылған самокаттар айып тұрағына жеткізіледі. Қазір мұндай тұрақтарда 9,5 мыңға жуық самокат бар. Ереже бұзған 5 мың пайдаланушы жауапкершілікке тартылған.
Шерингтік компанияларға да талап күшейтілді. Олар самокаттарды есепке алып, тіркеу нөмірлерін рәсімдеуге және әр көлік құралына нөмір орнатуға міндетті. Бұл талаптарды сақтамаған компанияларға қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылған.
Жолдарды 300-ге жуық дрон бақылайды
Қазақстан трассаларындағы жағдайды бақылау үшін камералар, мобильді кешендер және дрондар қолданылып жатыр. «ҚазАвтоЖол» жол бойына бақылау камераларын орнатуда. Сонымен қатар, жолдарда 500-ге жуық мобильді кешен жұмыс істейді. Олар жылдамдықты асыру және басқа да жол ережесін бұзу деректерін көлікті тоқтатпай-ақ тіркей алады.
Қарсы жолаққа шығу, өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтіру секілді қауіпті әрекеттерді анықтау үшін 300-ге жуық дрон пайдаланылуда. Қазіргі уақытта жол қозғалысы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың 67 пайызы техникалық құралдардың көмегімен тіркеледі. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 70 пайыздан жоғары.
Автомектеп ашуға рұқсат алу қажет болады
ІІМ жүргізушілерді даярлау сапасын жақсарту үшін автомектеп ашудың рұқсат беру тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Рұқсат беру кезінде оқытушылардың талаптарға сәйкестігі, оқу базасының жағдайы және қажетті автокөліктердің бар-жоғы тексерілмек.
Бұған дейін автомектеп тыңдаушыларын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу үшін өздігінен дайындалу мүмкіндігі алынып тасталып, курсты аяқтағаны туралы қағаз куәліктерді пайдалану тоқтатылған.
Stadler вагондары қазан-қарашада жолға шығуы мүмкін
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Stadler вагондарының бір бөлігі қабылданып, қазір олардың тежегіш жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Жаңа вагондарды биыл қазан-қараша айларында пайдалануға беру жоспарланған.
Астананың ескі вокзалын жаңғырту аяқталуға жақын
Астанадағы ескі теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жөндеу нәтижесінде вокзалдың аумағы 7 мыңнан 8,5 мың шаршы метрге дейін кеңейеді.
Бұл жұмыстар елдегі теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жалпы 124 вокзал реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарымен қамтылған. Соның 110-ында жұмыстар аяқталған.