Жұмыс іздеушілерге 13 күн уақыт беріледі: Еңбек министрлігі жаңа жоба бастайды

Жұмыс іздеушілерге 13 күн уақыт беріледі: Еңбек министрлігі жаңа жоба бастайды
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға көрсетілетін қызметтерді жетілдіруге бағытталған жаңа жоба іске қосылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қазаннан бастап пилоттық жобаны бастамақ, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба аясында азаматтарды жұмысқа орналастырудың жаңартылған тәртібі сынақтан өткізіледі. Сонымен қатар мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалдары мамандары қосымша оқытудан өтеді.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тәсілдің басты мақсаты - жұмыс іздеушілерге көрсетілетін көмекті нақты адамның қажеттілігіне бейімдеп, оның жұмысқа орналасуына тікелей ықпал ету.

Жаңа жүйедегі негізгі өзгерістердің бірі - заматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеуге бөлінетін мерзімнің ұлғайтылуы. Қазір бұл кезең екі күн болса, пилоттық жоба барысында 13 күнге дейін ұзартылмақ. Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек өтілін, кәсіби дағдылары мен қажеттіліктерін егжей-тегжейлі зерделейді. Сондай-ақ оның қабілетіне сай жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Осылайша мансап орталығына жүгіну тек жұмыссыз ретінде тіркелу рәсімі емес, нақты жұмысқа орналасуға бағытталған жеке мансаптық жоспардың бастапқы кезеңі ретінде қарастырылады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жоба азаматтарға жеке кеңес алуға, өз біліктілігі мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындарын таңдауға және кәсіби жоспарына сай қызметке орналасуға көбірек мүмкіндік береді.

Пилоттық кезеңде мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері жаңа жұмыс алгоритмдері бойынша оқытылады. Олардың жұмысына азаматтарды дұрыс бағалау, лайықты вакансияларды іріктеу және адамды жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу мәселелеріне басымдық беріледі. Жоба барысында жаңа тәсілдің тиімділігі бағаланып, жүйеде қосымша жетілдіруді қажет ететін мәселелер анықталады. Бұл өңірлердің жаңа тәртіпке толық көшуіне дайындық жасауға мүмкіндік береді.

Министрлік пилоттық жоба кезінде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қазіргі қолданыстағы тәртіппен берілетінін атап өтті. Яғни мұндай төлемді алуға құқығы бар азаматтар оны заңнамада белгіленген шарттар негізінде ала береді.

Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді төлеудің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін белгіленеді.

Осылайша, 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуге бөлінетін кезеңді 13 күнге дейін ұзарту бойынша пилоттық жоба басталады. Ал әлеуметтік төлемнің мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.

Министрлік жаңа тәртіп енгізілгенге дейін еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Негізгі мақсат - азаматқа тек жұмыссыз мәртебесін беріп қана қоймай, оның біліктілігіне сай жұмыс тауып, тұрақты еңбекке орналасуына көмектесу.