Мәжіліс депутаты Мейраш Шынасилова 16 қыркүйекте өткен Құрылтайдың пленарлық отырысында жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін жетілдіруді ұсынды, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, азаматтар мен авто мектептерден мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы емтихан кезегіне қатысты шағымдар түсіп жатыр. Кей жағдайда емтихан тапсыру үшін күту мерзімі алты айға дейін созылады.
Мейраш Шынасилова бос орындардың тез толатынын айтып, алдын ала жазылу жүйесінің ашықтығына қатысты мәселе бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, кезектің жетіспеуі мен жазылу тәртібінің түсініксіздігі делдалдардың пайда болуына жағдай жасауы мүмкін. Мәселені шешу үшін депутат мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзартуды және емтихан қабылдайтын мамандардың ауысыммен жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ теориялық емтихан тапсыратын қосымша орындарды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінде ұйымдастыруды ұсынды. Депутат бұл шара кезекті азайтып, азаматтардың емтихан тапсыру мүмкіндігін кеңейтеді деп санайды. Практикалық емтиханға қатысты да ұсыныс айтылды. Қазір сынақ негізінен мамандандырылған ХҚКО-лардың автодромдарында қабылданады. Мысалы, Астана агломерациясын қоса алғанда, шамамен 2 миллион адам тұратын қалада бір ғана автодромның болуы мәселенің ауқымын көрсетеді.
Осыған байланысты Мейраш Шынасилова талапқа сай келетін жекеменшік авто мектептердің автодромдарын да пайдалануды ұсынды. Ол үшін практикалық емтихан өткізетін орындарға бірыңғай техникалық, қауіпсіздік және ұйымдастыру талаптарын енгізіп, сәйкес келетін автодромдарды аккредиттеу тетігін қарастыру қажет.
Сонымен қатар депутат емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүргізіп, бос орындарды автоматты түрде әрі ашық бөлетін жүйе енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл кезекті сатып алу және қайта сату жағдайларының алдын алып, азаматтарға емтиханға жазылуда тең мүмкіндік береді.