Алексей Луценко Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды

Алексей Луценко Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстан құрамасының көшбасшысы тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы 160,5 шақырымдық топтық жарыста мәреге бірінші келді. Ол қашықтықты 4 сағат 13 минут 11 секундта еңсерді.

Бұл сында Қазақстан құрамасы бірден екі жүлдеге қол жеткізді. Евгений Федоров Луценкодан 1 минут 58 секунд кейін келіп, күміс медаль иеленді. Қола жүлде жапониялық Юхэй Тодомеге бұйырды. Қазақстандық Николя Винокуров жетінші орын алды.

Луценко үшін бұл – биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын. Бұған дейін, 20 қыркүйекте ол жекелей жарыста 41 минут 24,05 секунд нәтиже көрсетіп, чемпион атанған еді.

Осылайша, қазақстандық велошабандоз Айти–Нагоядағы додада алтын дубль жасап, Азия ойындарындағы чемпиондық атақтарының санын алтыға жеткізді.

Луценко Азия ойындарына төртінші рет қатысып отыр. Ол құрлықтық додадағы алғашқы алтынын 2014 жылы Инчхонда жекелей жарыста жеңіп алған. 2018 жылы Джакартада жекелей және топтық жарыстарда екі рет чемпион атанды. Ханчжоудағы Азия ойындарында жекелей сында алтын, топтық жарыста күміс медаль иеленді.

Жапониядағы екі жеңістен кейін Алексей Луценконың Азия ойындарындағы қоржынында алты алтын және бір күміс медаль бар.