Қазақстандық семсерлесушілер әлем Кубогында алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық семсерлесушілер әлем Кубогында алтын медаль жеңіп алды
Gov.kz

Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өтіп жатқан әлем Кубогында топ жарып, командалық сайыста алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Сапы сайысынан өткен жарыстың шешуші кезеңінде қазақстандық спортшылар Ресей құрамасымен кездесіп, қарсыластарын 45:40 есебімен жеңді.

Алтын медальға жету жолында ұлттық құрама бес кездесудің барлығында жеңіске жетті. Алдымен 1/16 финалда Түркия спортшыларын 45:20 есебімен ұтса, келесі кезеңде Гонконг құрамасынан 45:28 нәтижесімен басым түсті.

Ширек финалда қазақстандық семсерлесушілер Мысыр командасын 45:40 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда Франция құрамасын 45:39 нәтижесімен жарыс жолынан шығарды.

Халықаралық додада ел намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады.

Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер әлем Кубогының командалық бәсекесінде үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді