BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Алматыда Ахмет Жұбановтың шығармалар жинағы таныстырылды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Алматыда қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ерекше музыкалық кеш өтті. Шара барысында сазгердің скрипка мен фортепианоға арнап жазған туындылары топтастырылған альбом көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мерейтойға арналған концерт Almaty Museum of Arts өнер музейінде ұйымдастырылды. Кеште тыңдармандар Ахмет Жұбановтың шығармаларын жаңа орындауда тыңдауға мүмкіндік алды.

Композитордың туындыларын скрипкашы Жәңгір Жұбанов пен пианист Ерназар Ғимарат орындады. Оларға Аршат Шәріп жетекшілік ететін "Giovani Talenti" камералық оркестрі сүйемел жасады. Сондай-ақ концертте альтшылар Әділ Кәрімов пен Ильхан Тоқтахунов өнер көрсетті.

Кештің басты жаңалығы – "Ахмет Жұбанов. Скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларының толық жинағы" атты альбомның жарық көруі. Композитордың аталған аспаптарға арнап жазған еңбектері тұңғыш рет бір жинаққа топтастырылды. Альбомға енген бірқатар шығарма кәсіби дыбыс жазу студиясында жазылған. Енді музыка сүйер қауым бұл туындыларды халықаралық стриминг платформаларынан тыңдай алады.

Мәдени шараға қазақстандық өнер жанашырларымен қатар Түркия, Болгария, Румыния, Италия, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінің өкілдері қатысты.

Бұл бастама Ахмет Жұбановтың музыкалық мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармаларын жаңа буын тыңдармандарына таныстыруға бағытталған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары