Қазақстанда 360 мыңнан астам қыз бала адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның алғашқы дозасын салдырды. Биылдан бастап екпе алатындардың жас мөлшері кеңейтіліп, бағдарламаға 14–17 жастағы жасөспірімдер де қосылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Елімізде қыз балаларды жатыр мойны обырынан қорғауға бағытталған екпе жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Содан бері вакцина алған жасөспірімдер саны біртіндеп артып келеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы 12 қазан аралығында 11–13 жас аралығындағы 301,7 мыңнан астам қыз бала екпенің алғашқы дозасын алған. Ал олардың 196,6 мыңы екінші дозасын салдырған. 2026 жылдың мамыр айынан бастап екпе егу бағдарламасы кеңейтіліп, 14–17 жастағы қыздар да қамтыла бастады. Осы уақыт ішінде аталған жас тобындағы 58,6 мыңға жуық жасөспірім алғашқы дозасын алса, 19,1 мыңы екпенің екінші дозасын қабылдаған.
АПВ-ға қарсы вакцина не үшін қажет?
Адам папилломасы вирусының кейбір түрлері жатыр мойны обырының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мамандар бұл дерттің алдын алудың тиімді жолдарының бірі ретінде вакцина салдыруды ұсынады. Екпе қатерлі ісіктің дамуына ықпал ететін вирустың ең қауіпті түрлерінен қорғануға көмектеседі. Осылайша болашақта жатыр мойны обырына шалдығу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Екпе тегін салына ма?
Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцина мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Екпе салдыру міндетті емес. Ол тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жасалады. Жарияланған бақылау деректеріне сәйкес, вакцина алған қыз балалар арасында екпеден кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.
Мамандар бағдарламаның кеңеюі жасөспірім қыздардың денсаулығын қорғауға және жатыр мойны обырының алдын алуға көбірек мүмкіндік беретінін атап өтеді.
АПВ-ға қарсы екпе туралы толық мәліметті тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханадан білуге болады.