14 қазанда Алматыдағы SmArtPoint IT-хабында IV Qazaqstan IGF 2026 – Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форум өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шара Қазақстандағы цифрлық кеңістік пен киберқауіпсіздікті дамыту мәселелерін талқылауға арналған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Форум алаңында мемлекеттік органдар, бизнес және IT-қоғамдастық, азаматтық сектор мен академиялық орта өкілдері бас қосады. Қатысушылар Қазақстандағы интернетті басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасады.
Биылғы форумда Цифрлық кодексті іс жүзінде қолдану, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау және интернет-инфрақұрылымның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріледі.
Бағдарламада интернеттегі балалардың қауіпсіздігі, Қазақстандағы цифрлық активтерді реттеу, интернетті көп тарапты басқару және оның орнықты даму мақсаттарына ықпалы секілді тақырыптар қамтылған. Сондай-ақ «Цифрлық құқықтардың сақталуы рейтингі – 2026» нәтижелері таныстырылады.
«Цифрлық экономикаға арналған цифрлық мамандықтарды даярлау» сессиясы аясында Киберқұқық мектебінің сарапшылары «Заңгерлерге арналған ЖИ» жаңа курсын таныстырады. Бағдарлама заңгерлерге IT-жобалар мен жасанды интеллект технологияларын құқықтық сүйемелдеуге қажетті практикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.
Qazaqstan IGF 2026 форумын Eurasian Digital Foundation қоры мен «Қазақстанның цифрлық құқықтар орталығы» заң фирмасы ұйымдастырады. Іс-шара БҰҰ Бас хатшылығының ресми қолдауымен және бірқатар мемлекеттік, білім беру және салалық ұйымдармен серіктестікте өткізіледі.
Форумға Алматыда офлайн қатысуға немесе онлайн трансляция арқылы қосылуға болады. Қатысу үшін Qazaqstan IGF ресми сайтында алдын ала тіркелу қажет.