Қазақстанның өңірлерінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңі өтіп жатыр. Оған 11 мыңға жуық оқушы қатысып, 19 секция бойынша 9 мыңға жуық жоба ұсынды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Байқау барысында жас зерттеушілер ғылыми жұмыстарын ашық көрме форматында қорғайды. Қатысушылар зерттеу нәтижелерін арнайы стендтер арқылы таныстырып, қазылар алқасының сұрақтарына жауап береді.
Бірінші турда жүлделі орын иеленген оқушылар келесі кезеңде бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады.
Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыру, зерттеушілік қабілетін дамыту және дарынды жастарды қолдау.
2026–2027 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына 28 913 оқушы тіркеліп, 24 317 жоба ұсынылған.
Республикалық кезеңде жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша үздік деп танылған жобалардың авторлары 2027 жылы АҚШ-та өтетін Regeneron ISEF халықаралық ғылыми және инженерлік жобалар көрмесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.