Астана – Алматы бағытына жаңа Stadler пойызы шықты
Қазақстанда құрастырылған жаңа Stadler вагондары алғаш рет жолаушылар тасымалына шығарылды. 11 қарашада елордадағы "Нұрлы жол" вокзалынан заманауи вагондармен жабдықталған алғашқы пойыз Алматыға аттанды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Швейцариялық Stadler компаниясының технологиясы негізінде жасалған вагондар енді №3/4 "Нұрлы жол – Алматы-2" бағытындағы пойыз құрамында күн сайын қатынайды. Алғашқы пойызды жолға шығарып салуға арналған салтанатты шараға Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты. Ол теміржол вагондарын жаңарту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және елдегі теміржол тасымалын дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
"Біздің басты міндетіміз – Қазақстан азаматтары үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді теміржол тасымалын қамтамасыз ету. Жыл сайын миллиондаған қазақстандықтар теміржол көлігін пайдаланады. Еліміздің көптеген тұрғындары үшін пойыз басқа өңірлермен қатынаудың негізгі әрі қолжетімді түрлерінің бірі болып қала береді. Сондықтан жолаушылар вагондары паркін жаңарту мемлекеттік көлік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады", – деді вице-министр.
Жаңа вагондардың қандай ерекшелігі бар?
Stadler вагондары Қазақстанның ауа райына бейімделіп жасалған. Олар қыста 50 градус аязға, ал жазда 45 градус ыстыққа төтеп бере алады. Пайдалану мерзімі 40 жылға есептелген.
Жаңа вагондарда жолаушылардың жайлы сапар шегуі үшін бірқатар мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, купе вагонына 40 адам, ал плацкарт вагонына 58 жолаушы сыяды. Әр вагонда ауа температурасын реттейтін жүйе, жеке жарық шамдары, электр құрылғыларын қуаттауға арналған 220 вольттық розеткалар, USB және USB-C қосқыштары орнатылған. Сонымен қатар жолаушылар Wi-Fi желісін пайдалана алады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Жүк орналастыруға арналған арнайы орындар да бар. Мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын жолаушылардың қажеттіліктері де ескерілген. Бұдан бөлек, пойыз құрамында жолаушылар тамақтана алатын вагон-буфет қарастырылған.
2030 жылға дейін 557 вагон жеткізіледі
Жаңа вагондарды қолданысқа енгізу Президенттің жолаушылар пойыздарының құрамын жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жасалған келісімге сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға барлығы 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланған. Келісімшартта вагондарға сервистік қызмет көрсету де қамтылған.
Қазіргі уақытта 100-ден астам Stadler вагоны қабылданған.
Ал жаңа вагондардан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада "Нұрлы жол – Семей" бағыты бойынша алғашқы сапарына шығады.
Жолаушылар билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып ала алады.