BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Астанада Айзат Қарабектің «Ән әлемім» атты концерті өтті

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Елордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабектің «Ән әлемім» атты жеке шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Концертте дәстүрлі әндер мен заманауи эстрадалық шығармалар шырқалды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мәдени шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Кешті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырды.

Концерт барысында Айзат Қарабек қазақтың халық әндерін, сырлы әуендер мен көпшілікке танымал шығармаларды орындады. Әншінің өнеріне Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі сүйемел жасап, көрерменге белгілі туындыларды жаңаша нақышта ұсынды.

Атап айтқанда, Президенттік оркестрдің халық музыкасы ансамблімен бірге «Дедім-ай, ау», «Әгугай», «Сайра, бұлбұл», «Ұлы дала», «Құстар әні» секілді шығармалар орындалды. Ал «Таңғы тілек», «Ана жүрегі», «Қарлығаш» және «Жасасын қазағым» әндері оркестр мен хордың сүйемелдеуімен шырқалды.

Музыкалық кештің көркін «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің әртістері аша түсті. Олардың сахналық қойылымдары концерт бағдарламасына ерекше сән берді.

Сондай-ақ Айзат Қарабекпен бірге Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов, әншілер Сәтжан Шәменов, Санжай Әлмішев және Айзада Кемел өнер көрсетті. Олар бір сахнада бас қосып, көрерменге музыкалық тарту жасады.

Кеш соңында өнерпаздарға Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан гүл шоқтары табысталды.

«Ән әлемім» концерті ұлттық музыканың бай мұрасын заманауи орындаушылық өнермен ұштастырған мәдени кешке айналды. Әртүрлі жанрдағы шығармаларды тыңдаған көрермен өнер иелеріне қошемет көрсетіп, ыстық ықыласын білдірді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары