BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Астанада қазақ және корей өнерпаздары бір сахнада бас қосты

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Елордада Оңтүстік Кореяның NUMORI музыкалық тобы мен қазақстандық Saz&Soul вокалды-аспаптық ансамблінің бірлескен концерті өтті. Өнер кешінде қос елдің ұлттық әуендері заманауи музыкалық бағыттармен үйлесім тапты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Концерт барысында оңтүстіккореялық NUMORI тобы дәстүрлі корей музыкасын K-pop, K-rock, электронды музыка және блюз-рок жанрларымен ұштастырған туындыларын ұсынды. Ал қазақстандық Saz&Soul ұжымы ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен қазақ әндері мен күйлерін орындады.

Кеш бағдарламасына «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Махаббат – мәңгі ертегі» әндері енді. Сонымен қатар «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлері мен NUMORI тобының репертуарындағы шығармалар орындалды.

Концерттің ерекше сәттерінің бірі – корей халқының танымал «Ариран» әнінің домбыра сүйемелдеуімен шырқалуы болды. Екі халықтың музыкалық дәстүрі тоғысқан бұл орындаушылық үлгі көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ Оңтүстік Кореядан келген музыканттар қазақтың «Назқоңыр» халық әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Музыкалық кеш Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының халықаралық мәдени байланыстарды нығайту және ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы жұмысы аясында ұйымдастырылды.

Бірлескен концерт Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға және екі елдің музыкалық мұрасын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары