Берел қорымынан табылған құнды жәдігерлер Парижде таныстырылады

Берел қорымынан табылған құнды жәдігерлер Парижде таныстырылады
https://t.me/madenietaqparat

Қазақстанның ежелгі тарихынан сыр шертетін археологиялық мұралар Франция астанасында өтетін халықаралық көрмеге қойылмақ. 2027 жылы Парижде ұйымдастырылатын мәдени шарада Берел қорымынан табылған бірегей жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Париждегі Адам музейі мен Францияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері бас қосты. Кездесуде алдағы халықаралық көрмеге дайындық және музейлер арасындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

"Тарихқа дейінгі дәуірдегі байлық пен билік" деп аталатын көрмеге Францияның және Еуропаның өзге елдеріндегі музейлердің құнды коллекциялары қойылады. Қазақстан атынан бұл жобаға Ұлттық музей қатысады.

Еліміздің тарихи мұрасын таныстыратын негізгі жәдігерлер қатарында Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылған археологиялық бұйымдар бар. Бұл дүниелер ежелгі көшпелілердің тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен жерлеу дәстүрлері туралы құнды мәлімет береді. Кездесу барысында тараптар тарихи бұйымдарды халықаралық көрмеге әзірлеу, тасымалдау кезінде олардың бүлінбеуін қамтамасыз ету және ғылыми зерттеулермен сүйемелдеу мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, бұл бастама қыркүйекте Парижде ұйымдастырылған Қазақстан күндері кезінде жасалған келісімдердің жалғасы саналады.

Халықаралық жоба арқылы қазақстандық және француз музейлері арасындағы байланыс кеңейіп, мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашылады. Сонымен қатар шетелдік көрермен Қазақстанның бай археологиялық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.