Астанада Қазақстан мен Қытайдың мәдениет жылы қорытындыланды
Елордада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аяқталып, осыған орай салтанатты концерт пен көрме ұйымдастырылды. Жыл бойы екі елде 40-қа жуық мәдени іс-шара өткен, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өткен салтанатты кешке Қазақстан мен Қытайдың өнерпаздары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Қонақтар екі халықтың салт-дәстүрі мен өнерін таныстыратын көрмені де тамашалады. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Қытайдың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев және мәдениет қайраткерлері жиналды.
Жиында сөз алған Арман Қырықбаев қазақ пен қытай халықтарының байланысы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы екі ел арасындағы сауда-саттықтың ғана емес, рухани және мәдени байланыстың да дамуына ықпал еткен.
Министр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынас екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бергенін айтты.
"Өнер – ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастырады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанатын белгілі бір кезеңнің аяқталуы емес, керісінше жаңа мәдени бастамаларға жол ашатын маңызды белес деп білеміз", – деді Арман Қырықбаев.
Ал Қытайдың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань келесі жылы екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Ол Қытай тарапының мәдениет, туризм, білім, ғылым және жастар саясаты бағыттарындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Бір жылда 40-қа жуық мәдени шара өтті
2026 жылы Қазақстан мен Қытайда бірқатар көрме, концерт және мәдени кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы музейде "Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті" көрмесі өтіп, келушілерге қазақ халқының тарихи мұрасы таныстырылды. Алматыда Шанхай өнер коллекциясы музейімен бірлескен көрме ұйымдастырылды. Бейжіңде Ұлттық домбыра күні, Абай күні және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мәдени бағдарламалар өтті.
Екі ел арасындағы байланысты нығайтуда мәдени орталықтардың да орны ерекше. Бейжіңде жұмыс істеп тұрған Қазақстан мәдени орталығы қытай жұртшылығын қазақ өнері мен дәстүрімен таныстырып келеді. Ал жыл соңына дейін Астанада Қытай мәдени орталығын ашу жоспарланған.
Сахнада қазақ және қытай өнерпаздары бас қосты
Мәдениет жылының жабылу салтанатында екі елдің танымал өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетті.
Концертке Медет Шотабаев, Рухия Байдүкенова, "Бірлік" би ансамблі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі қатысты. Сондай-ақ Қытайдың Нинбо қалалық ән және би театрының солистері Чжао Лу мен Сюй Юнцзя өз өнерлерін ұсынды. Кеш бағдарламасында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай композиторы Сянь Синхайдың достығына ерекше назар аударылды. Екі өнер иесінің шығармашылық байланысын бейнелейтін хореографиялық қойылым көрсетіліп, арнайы фотокөрме ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, көрермендер Қытайдың дәстүрлі қолөнер бұйымдарымен танысты. Көрмеге Нинбо фарфоры, сәндік шамдар мен өріп жасалған қоңыраулар қойылды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы 2026 жылғы 31 наурызда Бейжіңде өткен гала-концертпен басталған болатын.
Жылдық мәдени бағдарламаны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың Мәдениет және туризм министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.