Астанада Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған көрме ашылды
Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай "Қызғалдақ мекені" атты көрме ашылды. Экспозицияда қазақ халқының тарихы, ұлттық құндылықтары мен азаттық рухын бейнелейтін туындылар көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Көрменің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қазахбай Әжібекұлы.
Суретші өз туындыларында қазақ даласының көркем табиғатын, ел тарихындағы айтулы кезеңдер мен тарихи тұлғаларды бейнелеген. Көрменің басты нышаны ретінде қызғалдақ таңдалған. Бұл гүл арқылы халқымыздың қайсар мінезі, еркіндікке деген ұмтылысы мен ұлттық рухының беріктігі көрініс тапқан.
Көрмеден Алтын Орда дәуірінен бергі тарихи тұлғалардың бейнелерін көруге болады. Сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған шығармалар да қойылған. Олардың өмірі мен мұрасы білімге ұмтылу, әділдік, елдік пен тәуелсіздік құндылықтарымен сабақтастырылған. Қылқалам шебері кең-байтақ даланың көріністері арқылы туған жердің қадірін, ал тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы ұлттың рухани байлығын жеткізуге тырысқан.
Экспозициядағы әр туындының өзіндік мәні бар. Мұнда жер – халықтың өткені мен тарихының куәсі болса, қызғалдақ – еркіндік пен ұлттық болмыстың белгісі ретінде ұсынылған.
"Қызғалдақ мекені" көрмесі көрермендерді ел тарихына үңіліп, тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінуге шақырады. Сонымен қатар ол қазақ бейнелеу өнері арқылы өткен мен бүгіннің байланысын көрсетіп, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуді көздейді.