BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Атырауда Президент Жолдауындағы бастамалар талқыланды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/quryltairesmi
Бөлісу Telegram

Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарына Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айтылған бастамаларды таныстырды. Кездесулерде әлеуметтік саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен кездесуде депутат студенттермен және оқытушылармен жүздесіп, Жолдауда белгіленген әлеуметтік-экономикалық міндеттерге тоқталды. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жоспарланған өзгерістерге назар аударды.

Арман Хайруллиннің айтуынша, алдағы уақытта учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға көтеру көзделген. Сонымен қатар мектеп тапшылығын азайту үшін еліміздің 20 өңірінде 237 мың оқушыға арналған жаңа білім ошақтарын салу жоспарланып отыр.

Жиында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ел дамуына ықпалы да талқыланды. Депутат 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсыныстың әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның пікірінше, бұл бастама тұрғындарға қажетті нысандардың санын көбейтіп қана қоймай, кемінде 100 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Алайда мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін заңнаманы жетілдіріп, кәсіпкерлерге кедергі келтіретін әкімшілік талаптарды азайту қажет.

Сапар аясында Арман Хайруллин Абай атындағы Оқушылар орталығында мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жастармен, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен пікір алмасты.

Бұдан бөлек, депутат Махамбет және Исатай аудандарына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесулер барысында Президент Жолдауындағы бастамалар мен өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты мәселелер талқыланды.

Жұмыс сапары аясында ұйымдастырылған іс-шараларға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Үкімет өкілдері де қатысты.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары