Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлықтың күрделі мәселеге айналғанының белгісі деп бағалады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президенттің айтуынша, ұлттық компаниялардың жоғары лауазымды басшыларының жемқорлық күдігіне ілінуі – ел үшін алаңдатарлық жағдай. Ол тергеу жұмыстары енді басталғандықтан, істің мән-жайын алдын ала жария етуге болмайтынын ескертті.
"Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл істің «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты ұстанымы ретінде Конституцияда бекітілгеннен кейін тіркелген алғашқы ірі жемқорлық істерінің бірі екенін атап өтті. Ол 2026 жылғы 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияның талаптарын орындау әрбір азамат пен лауазымды тұлға үшін міндетті екенін айтты.
Президенттің сөзінше, елдің негізгі заңын елемеуге немесе оның талаптарын аяққа басуға ешкімнің құқығы жоқ.
«Конституция талаптарын бұзғандар қатаң жазаланады»
Мемлекет басшысы заң талаптарын сақтамау тек құқық бұзушылық қана емес, қоғамның мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіретін әрекет екенін жеткізді.
"Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады", – деді Президент.
Тоқаев мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікке де тоқталды. Оның айтуынша, билік өкілдері елдің абыройын, халықаралық беделін және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін қорғауға міндетті.
Президент әсіресе стратегиялық маңызы бар ұлттық компаниялардың қызметіне ерекше назар аударды.
«Самұрық-Қазына» қоры елдің ірі активтерін басқарып қана қоймай, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мемлекет басшысы мұндай серіктестіктің артында жылдарға созылған келіссөздер, мемлекет алған міндеттемелер мен халықаралық әріптестердің Қазақстанға деген сенімі тұрғанын еске салды.
Сондықтан ұлттық компаниялардағы кез келген заңсыздық жеке кәсіпорынның ғана емес, тұтас мемлекеттің беделіне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Олардың кінәсі сот арқылы анықталған жоқ.