Бектенов COP31 саммитінде Қазақстанның экологиялық бастамаларын таныстырды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясына (COP31) қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық жиында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелері талқыланады. Биыл саммитке 70-тен астам елдің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен ірі қаржы мекемелерінің жетекшілері жиналған.
Қазақстанда бес жылда 1,7 миллиард ағаш егілген
Саммитте сөз сөйлеген Олжас Бектенов елімізде жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, Президент қолға алған жоба бүгінде бүкілхалықтық қозғалысқа айналған. Қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілік Конституцияда да бекітілген. Қазір табиғатты аялау, елді мекендерді тазарту және көгалдандыру жұмыстарына 6 миллионнан астам қазақстандық қатысып жүр.
Соңғы бес жылда республика бойынша шамамен 1,7 миллиард ағаш отырғызылған. Ал 2027 жылы тағы 270 миллион көшет егу көзделіп отыр. Осылайша Мемлекет басшысының ел аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау жоспарланған.
Премьер-министр БҰҰ-ның Қазақстан ұсынған бастаманы қолдап, 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялағанын да атап өтті.
Қазақстан халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Олжас Бектеновтің айтуынша, экологиялық түйткілдерді жекелеген мемлекеттердің күшімен шешу қиын. Сондықтан елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру қажет.
Осы орайда ол сәуір айында Астанада өткен алғашқы Өңірлік экологиялық саммиттің нәтижелеріне назар аударды. Жиында Орталық Азия мемлекеттерінің табиғатты қорғау бағытындағы ортақ іс-қимылына негіз болатын Астана декларациясы қабылданған.
"Экологиялық мәселелерді шешу үшін өзара тығыз ынтымақтастықты нығайту қажет. Биыл сәуір айында Астанада бірінші Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы жөніндегі Астана декларациясы бірлескен іс-қимылдардың негізін қалады. Осынау ортақ ниеттестік бағытында біз үшін анағұрлым өзекті басымдықтардың бірі – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Біз барлық мүдделі серіктестерді осы процеске қатысуға шақырамыз", – деді Үкімет басшысы.
Бұл бастама су тапшылығының алдын алуға, су қорын тиімді пайдалануға және мемлекеттердің осы саладағы бірлескен жұмысын күшейтуге бағытталған.
Жаңартылатын энергияның үлесін 15 пайызға жеткізу көзделіп отыр
Қазақстан көмір мен басқа да дәстүрлі қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, экологиялық таза энергетиканы дамытуға басымдық беріп келеді.
Үкімет басшысының мәліметінше, соңғы алты жылда елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі төрт есе өсіп, 2026 жылы 8 пайызға жеткен. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Елімізде жел мен күн электр стансаларын салумен қатар, атом энергетикасын дамыту және "жасыл" сутегі өндіру жобалары қолға алынған. Сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан экологиялық таза электр қуатын шетелге жеткізу үшін ортақ энергетикалық дәліз құру бағытында жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба Орталық Азияда өндірілген "жасыл" энергияны халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік бермек.
Alatau City жобасы халықаралық деңгейде таныстырылды
COP31 саммитінде Қазақстанның болашақ қалаларға қатысты жоспарлары да сөз болды.
Олжас Бектенов қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, көміртегі шығарындыларын барынша төмендетуді көздейтін Alatau City жобасын таныстырды. Сонымен қатар еліміз табиғи апаттарды ерте анықтау және олардың зардабын азайту үшін жасанды интеллект пен ғарыштық бақылау мүмкіндіктерін пайдалана бастаған. Бұл технологиялар табиғи қауіп-қатерді алдын ала болжауға, қоршаған ортадағы өзгерістерді бақылауға және төтенше жағдайларға дер кезінде дайындалуға көмектеседі.
Премьер-министр сөзінің соңында Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күресте өзге елдермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан павильонында Тұран жолбарыстарының бейнесіндегі ЖИ гидтері таныстырылды
Саммит аясында Олжас Бектенов Қазақстанның ұлттық павильонын аралады. Көрмеде еліміздің табиғи байлығы, табиғатты қалпына келтіру жұмыстары, экологиялық жобалар мен жаңа технологиялар көпшілік назарына ұсынылған.
Павильонның ерекше тұстарының бірі – Тұран жолбарыстарының бейнесінде жасалған Үміт пен Амур атты интерактивті жасанды интеллект гидтері. Олар келушілерге Қазақстанның табиғатты қорғау саласындағы бастамаларын таныстырады. Көрмеде орманды қалпына келтіру, метан шығарындыларын азайту және Каспий теңізі арқылы Еуропаға экологиялық таза электр қуатын жеткізу жобалары көрсетілді.
Бұдан бөлек, пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды, пластик қалдықтары мен автокөлік шиналарын қайта өңдеу технологияларына арнайы орын берілген. Қалдықтардан электр қуатын өндіру және өндіріс орындарындағы қалдық көлемін азайту жолдары да таныстырылды.
Қазақстан павильонында Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, Каспийдің табиғи байлығын сақтау, көміртегі нарығын дамыту және экологиялық жобаларға инвестиция тарту мәселелері қамтылды.
Жасанды интеллект көмегімен өңірлік көміртегі платформасын құру, ғарыштан климаттық өзгерістерді бақылау және "Каспий климаттық қалқаны" атты мемлекетаралық бейімделу жүйесін дамыту жобаларына да ерекше назар аударылды.
Қазақстан 1,2 миллиард долларлық келісімдерге қол қойды
COP31 конференциясының маңызды нәтижелерінің бірі – қазақстандық делегацияның энергетика және газ саласына қатысты бірқатар халықаралық келісім жасасуы.
Қол қойылған құжаттардың жалпы құны шамамен 1,2 миллиард долларды құрайды. Келісімдер аясында Түркістан облысында қуаты 150 мегаватт, ал Қостанай облысында қуаты 1 мың мегаватт болатын жел электр стансаларын салу көзделген. Сондай-ақ Aqyl Energy жобасы бойынша елімізде 1,35 миллион интеллектуалды газ есептегіші орнатылмақ. Бұл құрылғылар тұтынылған газ көлемі туралы мәліметті қашықтан жіберуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған құжаттарға қол қойды.
Осылайша Анталиядағы климат саммитінде Қазақстан табиғатты қорғау, су қауіпсіздігі, жаңартылатын энергетика және озық технологияларды енгізу бағытындағы бастамаларын халықаралық қауымдастыққа таныстырды.