"Бозоқ" музей-қорығында білім берудің жаңа тәсілдері талқыланды

"Бозоқ" музей-қорығында білім берудің жаңа тәсілдері талқыланды
https://t.me/madenietaqparat

"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында музейлердің білім беру саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған республикалық ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды. Жиынға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, педагогтер мен музей саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

"Музей – білім беру кеңістігі: инновациялық жұмыс бағыттары" тақырыбында өткен семинарда тарихи-мәдени мұраны сақтау, оны халыққа кеңінен таныстыру және музейлердің ағартушылық қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – музейлер мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тарихи құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудің тиімді жолдарын қарастыру.

Жиында музейлердің тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, білім мен тәрбие беретін маңызды мәдени орталық екеніне назар аударылды.

Қатысушылар музей қызметіне заманауи тәсілдерді енгізу, ғылыми-ағартушылық жобаларды дамыту және оқушылар мен студенттердің тарихқа қызығушылығын арттыру бағытында пікір алмасты.

Семинарда қозғалған мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды насихаттау, жастардың тарихи санасын қалыптастыру және мәдени мұраны дәріптеу жөніндегі бастамаларымен сабақтас болды.

Кездесу барысында еліміздің түрлі өңірлерінен келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, музейлер мен оқу орындарының бірлескен жұмысын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.