BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Британдық зерттеуші Ник Филдинг Ботай мәдениетінің мұрасымен танысты

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Британдық журналист, жазушы әрі Орталық Азия тарихын зерттеуші Ник Филдинг «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барды. Сапар барысында ол ежелгі қоныстың тарихымен танысып, археологиялық жәдігерлерді тамашалады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Музей-қорыққа барған шетелдік қонаққа Ботай мәдениетінің тарихи маңызы мен Ұлы дала өркениетіндегі орны туралы жан-жақты ақпарат берілді. Зерттеуші музей экспозициясын аралап, өңірдің көне тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты.

Кездесу барысында Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу, тарихи мұраны сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту мәселелері де талқыланды.

Ник Филдинг – Қазақстан мен Орталық Азияның тарихын зерттеп, осы тақырыпта еңбектер мен мақалалар жариялап жүрген британдық қаламгер. Ол өңірдің тарихи-мәдени мұрасына ерекше қызығушылық танытады.

Сапар шеңберінде зерттеуші Ботай қонысының ерекшеліктері туралы қосымша мәлімет алып, ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін айғақтайтын археологиялық олжаларға назар аударды.

Айта кетейік, Ботай мәдениеті – Қазақстан аумағындағы энеолит дәуіріне жататын маңызды археологиялық мәдениеттердің бірі. Солтүстік Қазақстанда орналасқан Ботай қонысы жылқыны ерте кезеңде қолға үйрету тарихын зерттеуде айрықша орын алады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары