Елена Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастады

Елена Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастады
Inst: rybaqueena

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әйелдер арасындағы жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы атанды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengri Sport-қа сілтеме жасап хабарлайды.

WTA рейтингінің жаңартылған нұсқасында Рыбакина 9901 ұпаймен көш бастады. Бұған дейін екінші орында тұрған қазақстандық спортшы рейтингте бір саты жоғары көтеріліп, бұрынғы көшбасшы Арина Соболенконы басып озды.

Соболенко 7875 ұпаймен екінші орында тұр. Екі теннисшінің арасындағы айырмашылық – 2026 ұпай. Үздік үштікті америкалық Джессика Пегула 7265 ұпаймен түйіндеді.

Бірінші орын үшін күресте шешуші жарыс US Open-2026 турнирі болды. Рыбакина ширек финалда қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңіп, жартылай финалға шыққаннан кейін әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілетініне кепілдік алды. Турнир басталған кезде көшбасшылыққа Арина Соболенко, Джессика Пегула және Коко Гауфф та үміткер болған.

Кейін Рыбакина турнирді жеңіспен аяқтап, US Open чемпионы атанды. Финалда ол Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл – қазақстандық теннисшінің US Open-дегі алғашқы жеңісі және мансабындағы Үлкен дулыға санатындағы үшінші титулы.

Осылайша, 27 жастағы Елена Рыбакина WTA тарихында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген 30-шы теннисші атанды. Сонымен қатар ол Қазақстан тарихында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған алғашқы спортшы болды.