BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет – Ерлан Қарин

Ерлан Қарин. Фото: instagram.com/erlankarin2019
Бөлісу Telegram

Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин қазақ тіліндегі "қыркүйек" пен "қыргүйек" нұсқаларына қатысты пікірталасқа үн қосты. Ол Instagram парақшасында бұл мәселенің тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана емес, мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты екенін айтып, қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

"Қыркүйек" пен "қыргүйекке" қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас.

Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық.

Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.

Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ", – деп жазды Ерлан Қарин.

Ақбарыс Жолшыбай
Автордың басқа материалдары