BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақстан Аралды қалпына келтіру тәжірибесін БҰҰ-да таныстырды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған COP31 конференциясында таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық жиын аясында су экожүйелерін қалпына келтіруге арналған арнайы сессия ұйымдастырылды. Онда Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев Қазақстанның Арал теңізін қайта жандандыру тәжірибесімен бөлісті.

Вице-министрдің айтуынша, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы айтарлықтай нәтиже берген. Атап айтқанда, Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға кеңейген. Сонымен қатар теңіз суының тұздылығы шамамен екі есе азайған. Бұл өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Халықаралық конференцияда Қазақстанның алдағы жылдарға арналған жаңа жобасы да таныстырылды. «Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту» бастамасы суару жүйелерін жаңартып, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруді көздейді. Жобаның алғашқы кезеңін 2027–2030 жылдары іске асыру жоспарланған. Оны қаржыландыруға Дүниежүзілік банктің қарыз қаражаты тартылмақ.

Қазақстан тарапы халықаралық серіктестікті дамытудың үш бағытын ұсынды. Олар – елдер арасында тәжірибе алмасу, су экожүйелерін қалпына келтіруге тұрақты қаржы көздерін қарастыру және нақты нәтижеге бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыру.

"Солтүстік Аралды қалпына келтіру – бұл тек инженерлік жоба ғана емес, сонымен қатар экожүйені қалпына келтіруге және өңірдің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Біздің тәжірибеміз инженерлік шешімдер суды ұтымды пайдаланумен ұштасқанда ғана тұрақты нәтиже беретінін көрсетеді. Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін бөлісуге және басқа өңірлерде қолдануға болатын тәсілдерді бірлесіп зерделеуге дайын", – деді Арсен Жақанбаев.

Осылайша, Қазақстан Солтүстік Аралды сақтап қалу бағытындағы тәжірибесін өзге елдермен бөлісіп, су тапшылығы мен климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары