Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны бес жарыс күнінен кейін 25 медальға жетті, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
24 қыркүйекте қазақстандық спортшылар алты жүлде жеңіп алды. Оның біреуі – алтын, төртеуі – күміс, біреуі – қола.
Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, бес күннің қорытындысында Қазақстан құрамасында сегіз алтын, сегіз күміс және тоғыз қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте ел құрамасы төртінші орында тұр. Бесінші жарыс күніндегі басты жетістіктердің бірі академиялық ескек есуден тіркелді. Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рульшісіз қос ескекті қайық сайысының финалында жеңіске жетті. Бұл – Қазақстанның Азия ойындары тарихындағы академиялық ескек есуден алған алғашқы алтын медалі.
Ушу-саньдадан Абдурашид Абдуллаев күміс жүлдеге ие болды.
Байдарка мен каноэде ескек есуден Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая 500 метрге байдаркамен жұптық жарыста екінші орын алды. Ал Сергей және Тимофей Емельяновтар 500 метрге каноэмен жұптық жарыста қола жүлдегер атанды.
Семсерлесуден Кирилл Проходов Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медаль қосты.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлдеге ие болды.
25 қыркүйекте қазақстандық спортшылар Азия ойындарындағы бәсекесін жалғастырады. Олар жағажай волейболы, көгалдағы хоккей, бадминтон, нысана көздеу, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, семсерлесу және өзге де спорт түрлерінен сынға түседі.