BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан климаттық жобаларға инвестиция тартуды күшейтеді

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарын азайту және экологиялық жобаларды қаржыландыру бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр. COP31 халықаралық климат конференциясының екінші күні еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров бірқатар халықаралық кездесуге қатысып, Қазақстанның осы саладағы жоспарлары мен міндеттемелерін таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министр алдымен көпжақты даму банктері ұйымдастырған климаттық бастамаларды қолдауға арналған жиында сөз сөйледі. Кездесуде экологиялық саясатты нақты жобаларға айналдыру, оларға қаржы тарту және қолға алынған шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Әлібек Қуантыров БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы аясында өткен арнайы іс-шараға қатысты. Онда мемлекеттердің өз бастамалары бойынша жүзеге асыратын климаттық жобаларын қаржыландыру жолдары қарастырылды.

Жиынды Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қара теңіз сауда және даму банкі, Германияның KfW даму банкі және ОПЕК Халықаралық даму қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек қоршаған ортаны қорғаумен шектелмейді. Бұл бағыттағы шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өнімдердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілетін сақтауға және табиғи өзгерістерден туындайтын қауіп-қатерге төтеп беруге де бағытталған.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді. Сонымен қатар еліміз 2035 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 17 пайызға қысқарту жөнінде міндеттеме қабылдаған. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін халықаралық даму банктерімен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ұзақ мерзімді экологиялық міндеттерді нақты инвестициялық жобалар арқылы орындауға мүмкіндік береді.

Қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жетекшілігімен климаттық жобаларды қаржыландыруға арналған бірыңғай ұлттық платформа құрылып жатыр. Ол мемлекеттік органдарды, кәсіпкерлерді және қаржы ұйымдарын біріктіріп, бес басым бағыт бойынша ұсынылған жобаларға инвестиция тартуға көмектеседі.

Жаңа жүйе арқылы инвесторлар қаржыландыруға болатын жобалар туралы мәліметті бір жерден ала алады. Ал жоба ұсынушылар өз бастамаларын іске асыруға дайындап, оларға қолайлы қаржы көзін табуға мүмкіндік алады. Қаражат халықаралық қорлардан, даму банктерінен немесе жеке инвесторлардан тартылуы мүмкін.

Бұл жұмыстың алғашқы бағыттарының бірі – Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп әзірленген Қазақстанның әділетті энергетикалық көшу жөніндегі елдік инвестициялық платформасы (QaJET).

Аталған бастама елдің энергетика саласын біртіндеп жаңғыртуға және климаттық мақсаттарға жету үшін қажетті инвестицияларды жұмылдыруға бағытталған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары