BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан климаттың денсаулыққа қаупі туралы ескертті

Дана Зарылханқызы
https://t.me/DenMinPR
Бөлісу Telegram

Климаттың өзгеруі адам денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, жұқпалы аурулардың таралуына және антибиотиктерге төзімділіктің артуына ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министр Түркия павильонында өткен "Денсаулық сақтау саласындағы климатқа бағдарланған технологиялар және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету" тақырыбындағы жоғары деңгейдегі пікірталасқа қатысты. Жиында климаттық өзгерістердің қоғамдық денсаулыққа әсері, инфекциялық аурулардың таралу қаупі және медициналық технологияларға қолжетімділікті арттыру мәселелері талқыланды.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Қазақстан климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы күресу үшін денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп жатыр. Атап айтқанда, елімізде адам, жануарлар және қоршаған орта денсаулығының өзара байланысын ескеретін "Біртұтас денсаулық" тәсілі енгізіліп, биологиялық қауіпсіздік пен ауруларды ерте анықтау жүйелері дамытылуда.

"Біз өзара тиімді шарттар негізінде "технология – жергіліктендіру – оқыту" қағидаты бойынша әріптестік орнатуға ашықпыз", – деді министр.

Сонымен қатар Қазақстан дәрі-дәрмек пен вакциналардың бағасын төмендетіп, олардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, еліміз Орталық Азия мемлекеттеріне, Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) медициналық препараттар мен вакциналарды бірлесіп сатып алу тетігін қарастыру туралы бастама көтерді.

Бұдан бөлек, Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасу мен әріптестікті дамытуға бағытталған Анталия бастамасына (AIR) қолдау білдірді.

Министрдің сөзінше, климаттың өзгеруінен туындайтын денсаулыққа қатысты қауіп-қатерлер бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейді. Сондықтан мұндай мәселелерді шешу үшін елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, ғылыми және технологиялық мүмкіндіктерді бірлесе пайдалану қажет.

Ақмарал Әлназарова климаттық өзгерістерге бейімделген денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру халықаралық қауымдастықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары