BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақстанда 4 миллионнан астам қызметкер сақтандырылды

Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырылған қызметкерлер саны 4 миллионнан асты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Елімізде 2005 жылдан бері жұмыс істейтін міндетті сақтандыру жүйесі өндірісте жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан азаматтарға қаржылай көмек көрсетуге арналған. Қызметкер еңбекке жарамсыз болып қалса немесе қайтыс болса, заңда көзделген төлемдер оған немесе отбасы мүшелеріне беріледі.

Өтемақы мөлшері адамның еңбекке қабілетін қаншалықты жоғалтқанына байланысты. Егер бұл көрсеткіш 5–29 пайыз аралығында болса, жоғалтқан жалақысын жұмыс беруші өтейді. Ал 30–100 пайыз аралығында сақтандыру компаниясы төлем жасайды. Сақтандыру арқылы емделуге, дәрі-дәрмек алуға, протез салдыруға, өзге адамның күтіміне және шипажайда емделуге кеткен белгілі бір шығындарды да өтеуге болады. Заңда белгіленген талаптар орындалса, кейбір қосымша шығындар үшін берілетін өтемақы 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.

2026 жылы жұмыс берушілер төлейтін ең төменгі жылдық сақтандыру жарнасы 85 мың теңгені құрайды. Нақты сома кәсіпорынның еңбекақы қорына және жұмыс барысындағы қауіп-қатер деңгейіне қарай есептеледі. Министрлік мәліметінше, 2024 жылдан бастап жұмыс берушілер өндірістегі жарақаттың алдын алуға және қызметкерлерді оңалтуға жұмсаған қаражатының бір бөлігін сақтандыру есебінен қайтара алады. Әр бағыт бойынша өтемақы сақтандыру жарнасының 6 пайызына дейін жетеді.

Бұдан бөлек, 55 жасқа толған және ұзақ жыл бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл мүмкіндік белгіленген талаптарға сай келетін қызметкерлерге қауіпті жұмыстан кетуге немесе қауіп-қатері аз қызметке ауысуға жағдай жасайды.

2026 жылдың қазан айынан бастап жұмыс берушілер міндетті сақтандыру шарттарын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн рәсімдей алады.

Сақтандыру шарттарының саны да айтарлықтай артқан. 2021 жылы 63 мың шарт жасалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 154 мыңға жеткен. Ал 2026 жылғы 15 қарашадағы мәлімет бойынша шарттар саны 204,4 мыңды құрады. Сақтандыру жарналарының жалпы көлемі де өскен. 2021 жылы 41,2 млрд теңге жиналса, 2025 жылы 139,3 млрд теңгеге жетті. Биылғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 111,8 млрд теңгені құрады.

Министрлік өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, сақтандыру төлемдерін қолжетімді ету және еңбек қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары