BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақстанда ақылды есептегіштер өндірісі кеңейтіледі

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Minenergokz
Бөлісу Telegram

Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Алматыдағы есепке алу аспаптарын шығаратын бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сапар барысында өндірістік қуаттарды арттыру, заманауи технологияларды енгізу және отандық өнім көлемін ұлғайту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Вице-министр «Сайман», «Миртек», «NERO GROUP» және «Goldcard Smart Group Kazakhstan» компанияларының өндіріс орындарын аралады. Жұмыс сапары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы мен Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Кездесулер барысында электр және жылу энергиясын, газды есепке алуға арналған құрылғылардың өндіріс технологиялары, кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері және жергілікті өндірісті кеңейту әлеуеті зерделенді. Сондай-ақ мамандар өлшеу құралдарының дәлдігіне, деректерді автоматты түрде жинау мен жіберу жүйелеріне және жабдықтарды бірыңғай ақпараттық платформаларға біріктіру мүмкіндіктеріне назар аударды.

Ақылды есептегіштер қандай мүмкіндік береді?

Энергетика саласында зияткерлік есепке алу жүйелерін енгізу ресурстардың нақты тұтынылуын бақылауға және шығындарды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар электр энергиясы, жылу және газ тұтыну туралы мәліметтердің нақтылығын арттырып, оларды жедел қадағалауға жағдай жасайды.

Ал тұрғындар үшін нақты пайдаланылған ресурстарға сәйкес есеп айырысу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің ұлттық жоба аясындағы сұранысты қамтамасыз етуге және шығарылған жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуге дайындығы бағаланды.

«Сайман» кәсіпорны өндіріс көлемін кеңейтпек

Вице-министр «Сайман корпорациясы» ЖШС-нің өндірістік әлеуетімен және алдағы жоспарларымен танысты.

Кәсіпорынның мәлімделген жылдық өндірістік қуаты:

Электр энергиясын есепке алатын 800 мың аспап;

Су тұтынуды есепке алатын 600 мың аспап;

Газды есепке алатын 300 мың аспап;

Жылуды есепке алатын 8 мың аспап.

Қазіргі уақытта компания қосымша өндірістік қуаттарды іске қосуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр.

Аспап жасау зауытын орналастыру үшін қажетті нысандарды сатып алу және күрделі жөндеу жобасын 2026 жылғы қарашада аяқтау жоспарланған.

Энергетика министрлігі отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін ескере отырып, есепке алу жүйелерін жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастырады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары