Қазақстанда әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгереді: кімдерге қолдау көрсетіледі?
2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау тәртібі өзгереді. Енді мемлекеттік қолдау азаматтардың белгілі бір санатқа жатуына ғана емес, отбасының нақты тұрмыстық жағдайына қарай көрсетіледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жүйенің ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында өңірлерде кездесулер өткізіп жатыр. Осыған байланысты бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне арналған семинарға қатысты.
Жиында әлеуметтік қолдауды тағайындаудың жаңа қағидалары, отбасылардың әл-ауқатын анықтау тетіктері және Отбасының цифрлық картасын пайдалану мәселелері қаралды.
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік көмек тағайындалғанда отбасының табысы, жұмыспен қамтылу деңгейі, мүліктік жағдайы және өзге де әлеуметтік көрсеткіштері ескеріледі. Осылайша, мемлекеттік қолдау туралы шешім бір ғана өлшемге емес, отбасының жалпы жағдайын кешенді бағалау нәтижесіне сүйеніп қабылданады.
Өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Алайда жаңа талаптар әлеуметтік көмектің барлық түріне бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы тәртібі өзгеріссіз сақталады.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, жаңашылдықтың басты мақсаты – бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттау.
Семинар барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жаңа жүйені енгізу кезінде халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе азаматтарға әлеуметтік көмектің қандай талаптар негізінде тағайындалатынын ашық әрі қарапайым тілмен жеткізу маңызды екені айтылды.