Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуға жаңа тетіктер енгізілмек
Қазақстанда баламалы энергетиканы дамыту және электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру үшін жаңа тетіктер енгізілмек. Құрылтай депутаттары осы бағыттағы заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Заң жобасы Мемлекет басшысының энергетика саласын дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Онда электр энергиясын өндіру мен сақтаудың тиімді жолдарын енгізу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалану қарастырылған.
Энергия жинақтау жобалары аукцион арқылы іріктеледі
Ұсынылып отырған өзгерістердің бірі – электр энергиясын жинақтау жүйелерін салуға ниетті инвесторларды ашық бәсекелестік негізінде іріктеу. Ол үшін арнайы аукциондар ұйымдастырылмақ. Мұндай жобаларға қаржы тартуды ынталандыру мақсатында қуаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қызметтері үшін 15 жылға дейін ақы төлеу тетігін енгізу ұсынылып отыр.
Энергетика министрінің айтуынша, бүгінде еліміздің электр жүйесіне сұранысқа қарай қуатын жылдам өзгерте алатын қосымша энергия көздері қажет.
"Қазіргі уақытта энергия жүйесінің маневрлік қуатқа қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланып отыр. Оның 2 ГВт-қа жуығын жаңартылатын энергия көздері жобалары есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қалған 1 ГВт бойынша инвестициялар тартудың қосымша тетіктері әзірленуде. Осы мақсатта энергия жинақтау жүйелерінің жобаларын іріктеу үшін бәсекелестік аукциондар өткізу ұсынылады", – деді Ерлан Ақкенженов.
Электр энергиясын сату тәртібі өзгереді
Заң жобасында электр энергиясын екіжақты келісімшарттар арқылы сататын кәсіпорындарға қатысты да өзгерістер бар. Атап айтқанда, электр энергиясын осындай келісімдер негізінде кемінде 36 ай бойы жеткізген нысандарға Бірыңғай сатып алушы жүйесіне ауысу мүмкіндігі берілмек.
Бұл бастама электр энергиясын өндірушілердің өнімін өткізе алмай қалу қаупін азайтып, ұзақ мерзімді инвестициялық жобалардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қалдық жылу мен биогазды пайдалану кеңейеді
Түзетулерде өндіріс орындары мен жылумен жабдықтау саласында энергияны үнемді пайдалану мәселесіне де назар аударылған. Енді өндірістен бөлінетін артық жылуды қайта пайдалану, жылу сорғыларын қолдану, биомасса мен биогаздан энергия өндіру мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр. Сонымен бірге сутегі технологияларын дамытуға және қалдықтарды өңдеу арқылы энергия алуға құқықтық негіз қалыптастыру ұсынылған.
Мұндай өзгерістер қолда бар энергетикалық ресурстарды тиімді жұмсауға және бұрын толық пайдаланылмаған энергия көздерін айналымға қосуға бағытталған.
Жалпы, заң жобасы қабылданса, Қазақстанда энергия жинақтау технологияларын дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және баламалы энергия көздерінің үлесін арттыруға қосымша мүмкіндік ашылады.
Құжат әзірге бірінші оқылымда мақұлданды.