Қазақстанда дәріні тіркеу мерзімі 15 күнге қысқарды
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 1 048 дәрілік препаратқа тіркеу куәлігі берілді. Бұл өткен жылдың жалпы көрсеткішінен жоғары, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Биыл елімізде дәрі-дәрмекті тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді. "Бір терезе" қағидаты бойынша енді препаратты сараптамадан өткізу, тіркеу және бағасын реттеу жұмыстары бір жүйе арқылы жүргізіледі. Соның арқасында тіркеу куәлігін беру мерзімін бұрынғы екі жылдан 15 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік туды.
Министрлік мәліметінше, дәрі-дәрмек сапасын қатаң қадағалайтын елдерден әкелінетін өнімдерді жедел тіркеу тәртібі бойынша 16 дәрілік препарат пен медициналық бұйым тіркелген. Қазақстанда тіркелген дәрілер саны өзге елдермен салыстырғанда да жоғары. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш Армениядан 82 пайызға, Беларусьтен 77 пайызға, ал Қырғызстаннан 15,5 пайызға артық.
Дәрілік препараттарды тіркеу жұмысын жеңілдету үшін жасанды интеллект те қолданыла бастады. Жаңа технология құжаттарды тексеру мен сараптау жұмысын біріздендіріп, оларды қарауға кететін уақытты азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта дәрілерді Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тізіміне және емханалар арқылы тегін берілетін препараттар тізбесіне енгізу жұмыстары да цифрландырылмақ. Министрлік бұл істі 2027 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, қолға алынған өзгерістердің басты мақсаты – дәрі-дәрмекті тіркеу кезіндегі артық қағазбастылықты азайтып, халықтың жаңа әрі заманауи препараттарға қол жеткізуін жеделдету.