Қазақстанда энергетика саласын цифрландырған мамандар марапатталды
Қазақстанда отын-энергетика кешенін цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу арқылы өндірістегі апаттарды азайтып, энергия шығынын қысқарту көзделген, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
10 қараша – Қазақстанда Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. Кәсіби мерекеге орай еліміздің отын-энергетика саласын цифрлық тұрғыдан дамытуға үлес қосқан мамандар марапатталды.
Атап айтқанда, KEGOC, "Самұрық-Энерго", "ҚазМұнайГаз" және QazaqGaz Aimaq компанияларының өкілдеріне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкер "Цифрландыру саласының үздігі" ведомстволық төсбелгісіне ұсынылды.
Энергетика саласында 45 жасанды интеллект жобасы әзірленген
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында отын-энергетика кешенін жаңғыртуға бағытталған 20 іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Негізгі жұмыстар үш бағытты қамтиды: цифрлық егіздерді дамыту, жасанды интеллектіні өндіріске енгізу және киберфизикалық қауіпсіздікті күшейту.
Қазіргі уақытта энергетика саласында жасанды интеллект технологияларын пайдалануға арналған 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Мәселен, "ҚазМұнайГаз" кен орындарының цифрлық үлгілерін жасап, мұнай өндіру тиімділігін арттыруды қолға алған.
Ал KEGOC компаниясы электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін CORE GRID AI платформасын дамытып жатыр. QazaqGaz Aimaq газ тұтынуды интеллектуалды есепке алуға арналған Aqyl Energy жобасын жүзеге асыруда. "Самұрық-Энерго" болса, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнеаналитика жүйелерін енгізіп келеді.
Апаттар 25 пайызға азаюы мүмкін
Цифрландыру жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – энергетикалық нысандарды кибершабуылдардан қорғау. Осы мақсатта технологиялық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұшқышсыз ұшу аппараттарынан туындайтын қатерлерге қарсы шаралар қарастырылған. Биыл алғаш рет ENERFORT салалық кибероқулары ұйымдастырылды. Алдағы уақытта мұндай жаттығуларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
Министрліктің болжамынша, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану нәтижесінде энергетикалық нысандардағы апаттылық деңгейі 25 пайызға төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ энергия ресурстарының шығынын 90 пайызға дейін қысқарту көзделіп отыр. Жасанды интеллект негізіндегі жобалардың экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
Ведомство 2029 жылға қарай жоспарланған іс-шараларды толық аяқтап, энергетика саласын цифрлық деректер негізінде басқару жүйесіне көшуді жоспарлап отыр.
Энергетика министрлігі кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарына алғыс білдіріп, олардың елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа технологияларды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.